Біздің қызмет көрсетулер

Жүктерді сапар желісі бойында ілеспе күзету және күзету 

Теміржол көлігімен тасымалдау кезінде әскерилендірілген күзет қарамағына алынуы тиіс жүктер тізбесіне енгізілген жүктерді күзету тасымалдаушымен жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру туралы жасалған келісімшарт негізінде қамтамасыз етіледі.

Жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау кезінде ілеспе күзету үздіксіз  және екі тәсілмен:

  • күзетшілер тобы (жасағы) жүктерді сапар желісі бойындағы кейбір теміржол станцияларында күзетшілер құрамын ауыстыра отырып ілеспе күзетуі арқылы;

  • жасақтың жүктерді жөнелту станциясынан межеленген станцияға дейінгі сапар желісі бойында ілеспе күзетуі (толассыз күзет) арқылы жүзеге асырылады.

Тасымалданатын жүктерді күзетуді ұйымдастыру тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 31 наурыздағы «Жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау кезінде әскерилендірілген күзетпен қамтамасыз ету қағидасын бекіту туралы» № 291 Қаулысымен белгіленген.

Жүктерді эстафеталық (ауысымды) ілеспе күзету

Әскерилендірілген күзет жасақтары жүктерді эстафеталық (ауысымды) ілеспе күзетуді Қазақстан Республикасының аумағы ішінде сапар желісі бойында ауысып отырып жүзеге асырады

Күзет өкілдері жүк тиелген вагондарды жүк тасымалдаушының өкілінен жөнелту станциясында қабылдайды.

Әскерилендірілген күзет жасақтары жүктер тиелген вагондарды әскерилендірілген күзет филиалдарының аймақтық бөлімшелерінің станцияларында ауыса отырып межеленген станцияға дейін ілеспе күзетеді.

Әскерилендірілген күзет жасақтары жүктер тиелген, күзет қарамағындағы вагондарды тасымалдаушы өкіліне межеленген станцияда тапсырады.   

Жүк тиелген вагондарды толассыз (тұрақты түрде) ілеспе күзету 

Жүк тиелген вагондарды толассыз (тұрақты түрде) ілеспе күзетуді тиісті келісімшарт негізінде сапар желісі бойында бір әскерилендірілген күзет жасағы жүзеге асырады. 

Әскерилендірілген күзет жасақтары жүк тиелген вагондарды күзет қарамағына тасымалдаушы өкілінен жөнелту станциясында қабылдайды.

Ілеспе күзетті бүкіл сапар желісі бойында бір әскерилендірілген күзет жасағы жүзеге асырады. Бұл ретте жүк алып жүрушілер төмендегі жағдайларда:

  • тасымалдаушы жүк жөнелтушінің өтінімі бойынша ұсынған арнайы жабдықталған жылы вагонда; 

  • жүк жөнелтушінің жекеменшігі немесе жалға алған арнайы жабдықталған жылы вагонында; 

  • ілеспе күзет қарамағына алынған жүк тиелген вагонда (жаз мезгілінде, вагонда арнайы алаң болса) бірге жүре алады. 

Әскерилендірілген күзет жасақтары күзет қарамағындағы жүк тиелген вагодарды жүк тасымалдаушының өкіліне межеленген станцияда тапсырады. 

Жүк алып жүрушінің бірге жүргені үшін жүк жөнелтушіден (жүк қабылдаушыдан) тарифтік басшылықта белгіленген көлемде төлем алынады. 

Объектілерді күзету

Теміржол саласындағы объектілерді, сонымен қатар көпірлерді, тоннельдерді, эстакадаларды, жол сымдарын, жасанды құрылыстарды күзету компаниялармен, кәсіпорындармен және ұйымдармен жасалған келісімшарттар негізінде жүзеге асырылады. 

Күзетшілер объектілерді патрульдеу және олардың жай-күйін, сондай-ақ күзетілетін объектінің аумағындағы жағдайды бақылау арқылы күзетеді. Жасанды құрылыстардағы, станция объектілеріндегі, станцияаралық жолдардағы, зауыттар мен кәсіпорындардағы рұқсат беру режімі "ӘТЖК" АҚ пен компаниялардың, кәсіпорындардың немесе ұйымдардың келісе отырып әзірлеген құжаттарына сәйкес белгіленеді. 

Күзетшілер объектілерді, жеке және заңды тұлғалардың мүліктерін заңға қайшы әрекеттерден қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қызметтік қару мен арнайы құралдарды қолдануға құқылы. 

Арнайы құралдар мен қызметтік қаруды қолданар алдында оларды қолдану бағытталған адам міндетті түрде ескертілуі тиіс. 

Объектілердің күзетін күшейту, тоналудың және теміржол көлігіндегі заңға қайшы басқа да әрекеттердің алдын алу мақсаттарында профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. 

"ӘТЖК" АҚ филиалдары аталған іс-шараларды жоспарлауды көліктегі ішкі істер органдарымен, "ҚТЖ" ҰК" АҚ жүк қызметінің қызметкерлерімен және теміржол көлігінің басқа да қызметкерлерімен бірлесіп жүзеге асырады. 

Күзет және қауіпсіздік салаларында кеңес беру

Жүктер мен объектілердің күзеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес беру — "ӘТЖК" АҚ көрсететін қызмет түрлерінің бірі. 

Кеңес беру объектіні алдын ала тексеріп, күзетті тиімді жүргізуге жұмсалатын шығындарды есептеуге мүмкіндік береді. Тиімділік төтенше жағдайлар салдарына байланысты жұмсалуы мүмкін шығындар мен күзет қызметіне жұмсалатын шығындар арақатынасымен анықталады. Қызметті қажетті және жеткілікті деңгейде көрсету арқылы шығыстарды мейлінше азайтуға тырысудамыз. 

Кеңес беру барысында күзет постыларының қажетті санын есептеу, күзет кестесін жасау, көрсететін қызмет түрлері мен қолданылатын техника құралдарының бір-бірімен мейлінше үйлесімде болуын таңдау, олардың құнын тиімділікті жоғалтпастан арзандату секілді міндеттерді шешеміз.